Городская газета Новый Регион

Көктем мезгіліндегі төтенше жағдайлар

0 73

Көктем келіп, жер ана бір бусанғандай күй кешкені анық. Күні кеше тал бұтақтарында көзге көрінер, көрінбес бүршіктер пайда болған еді, ал бүгін жасыл желекті жапырақтары жайқалуда. Ал өрік ағаштары қаламыздың барлық көшелері мен бау-бақшаларын ерекше бір әсемдікке бөлеп, көрік беріп тұр. Көбелектер де ұйқысынан ояна сала күннің ертеңгі бойды тітіркендірер салқындығына қарамастан

балшырынға рахаттанып тою үшін күлден гүлге ұмтылуда. Иә, мұның барлығы да көрер көзге өте тамаша. Алайда, өмірге бір сәт шынайы көзқараспен қарасақ, көктем мезгілі өзімен бірге біршама қауіп-қатерлерді бірге алып келетіндігін де байқаған болар едік.
Осыған орай, облысымызда арагідік кездесуі ықтимал төтенше жағдайлар жайлы да ақпарат алуға шақырамыз.
Тасқын – су басу кезеңінде, яғни жылдың әр көктем мезгілінде жиі қайталануы мүмкін. Ауа-райының жылымық кездерінде жауын-шашыннан немесе қардың көп мөлшерде жауып, іле-шала жылдам еруінен орын алады.
Облыс аумағында су басу кезеңі жыл сайын ақпан айының үшінші он күндігінен басталып, маусым айының бірінші он күндігі аралығында өтеді. Осы аралықтағы тасқындар, Жамбыл облысының таулы аумақтарындағы жауын-шашынның қарқынды түсуі мен қардың жылдам еруінің әсерінен орын алады. Беткейлердегі белсенді ағындар мен тасқындар орын алатын аумақтарға Жамбыл облысы бойынша 6 таулы аудандардың аумағы кіреді. Олар: Жуалы, Жамбыл, Т. Рысқұлов Меркі, Қордай және Талас аудандары.
Су қоймаларынан суды көп мөлшерде ағызу кезінде және су бөгеттерінің су өткізу деңгейінің төмендігіне байланысты Шу, Талас және Аса өзнедері бойындағы ойпаң жерлер, елді мекендер мен экономикалық объектілерін су басу қаупі бар.
Тасқын су елді-мекендерде дүрбелең тудырмау үшін, облыс тұрғындарының барлығы белсенді түрде арық жүйелері мен үйлердің және аула маңындағы шағын көпірлердің астына қыс бойы жиналған қоқыс үйінділерінен тарзартулары тиіс.
Сел — тау өзендерінің арналарында немесе нөсер, я болмаса ұзаққа созылған жаңбыр, қардың немесе мұздықтардың қарқынды еруі, көлдердің жырылуы нәтижесінде уақытша ағындарда кенеттен қалыптасатын қауіпті экзогенді геологиялық процесс, апатты балшықты немесе тас балшықты ағын. Бұл үлкен қиратқыш күшке ие, көбінесе көптеген адам құрбандарымен, елді мекендердің, ғимараттардың, әртүрлі шаруашылық объектілерінің жойылуымен немесе қирауына әкеліп соғады.
Сел ағынының өту қаупі Меркі, Т. Рысқұлов, Қордай, Жуалы, Жамбыл, Талас аудандарының 18 өзендерінің бассейндерінде бар: (Меркі, Аспара, Талды-бұлақ, тұзу-Сұрат, Молалы, Мақбал, Шұңғыр, Қарақаты, Қарақыстақ, Көкдөнен, Шалсу, Қарақоңыз, Ырғайты, Колғұты, Қақпатас, Ақсай, Көксай, Тамды). Жамбыл облысында сел қаупі бар кезең — сәуір айының 3-ші онкүндігінен басталып, шілде айының 3 онкүндігіне дейін созылуы ықтимал.
Дауыл — жылдамдығы 30 м/с (108 км/с) және одан жоғары болатын жойқын күш пен ұзақ тұратын жел. Мұндай жел біздің облыс аумағында жыл бойы орын алып тұрады.
Дауылдың пайда болу себебі — ауа ағынының жоғары жылдамдықтарымен ауа айналымының ерекше жағдайларында көрінетін атмосферадағы тепе-теңдіктің күрт бұзылуы.
Дауылды жел үлкен қирау, адам құрбандары, ауылшаруашылығы мен жануарлардың зардап шегуі секілді материалдық зиянын келтіреді. Ол апаттардың ең қуатты күштерінің бірі болып табылады және оның зиянды әсері жер сілкінісімен барабар.
Орман және дала өрттері. Облыс аумағының басым бөлігі ықтимал табиғи өрттер аймағында орналасқан. Облыстың барлық аудандарында дала өрттері болуы мүмкін аумақтар Мойынқұм, Байзақ, Т. Рысқұлов, Шу және Мерке аудандарында сексеуіл ормандары мен бұталардың өрттері. Ал Жамбыл, Жуалы, Т. Рысқұлов және Меркі аудандарында тау бөктеріндегі ормандардың өрттері болуы мүмкін. Табиғи өрттердің салдарынан адамдар зардап шегеді, ауыл шаруашылығы жануарларының өлімі орын алады, табиғи орта үлкен зиян шегеді.
Жыл сайын облыс аумағында ондаған табиғи өрттер тіркеледі. Олардың кейбірі табиғи факторларға байланысты (жел жылдамдығы, шөп жамылғысының ерекшеліктері, жер бедері және т.б.) үлкен алқаптарға таралады.
Жоғарыдағы табиғат құбылыстарынан орын алатын апаттардан бөлек облыс аумағында күннің күрт жылынуына байланысты түрлі зиянкестер, бауырымен жорғалаушылар және өрмекші тәріздес жәндіктер ұйқысынан оянады. Сондықтан, қала сыртына демалуға барғанда қажетті дәрі-дәрмекпен жабдықталған дәрі қобдишасы, ыңғайлы арнайы аяқ киім (биік кроссовкалар, бәтеңкелер, берцтер) және қажет болған жағдайда «112»нөміріне қоңырау шалу үшін қуаты таусылмаған телефон болуы керек.
Халыққа қандай да бір қолайсыз жағдай туралы дер кезінде хабарлау нәтижесінде («112″қызметінің SMS — хабарламаларын жіберу арқылы) сақтық шараларын барынгша сақтай отырып, жағымсыз салдардан құтылуға болады. Сондай-ақ, облыста қандай төтенше жағдайлар орын алды және қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша білімдерін дамыту мақсатында Жамбыл облысының ресми түрдегі ТЖД сайтынан білуге болады.
Құрметті облыс тұрғындары! Қандай да бір төтенше жағдайға ұшырап, болмашы нәрседен қиындыққа тап болып, сау басымызға сақина тілеп алудан аулақ болып, әрқашан да қырағылық танытайық. Сіздің өміріңіз бен жақындарыңыздың өмірі Сіздің қолыңызда екенін есте сақтаңыз!

Жамбыл облысы ТЖД
ақпараттық-аналитикалық тобының
бас маманы
Евгения Яковлева

Источник
Оставить Комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован где либо.