Жамбыл облысы Бесағаш ауылының жұрты жуырда өткен сайлауда заңсыздықтар болғанын айтады, деп хабарлайды Экспресс К.
Тамыз айының соңында Жамбыл облысында ауыл әкімдерінің сайлауы өткен болатын. Жамбыл ауданы Бесағаш ауылының тұрғындары редакциямызға хабарласып, сайлаудың нәтижесіне шағымданды. Олардың айтуынша, ауыл басшысын таңдау кезінде заңбұзушылықтар болған.
«Сайлауға екі үміткер түскен болатын. Ауыл тұрғындары осы ауылдың азаматы әкім болғанын қалады. Бірақ аудан әкімдігі өз адамын өткізуге мүдделі болды. Қазір ауыл халқы ашулы, себебі дауыстар дұрыс есептелмеді», — дейді Бесағаш ауылының тұрғыны Дәурен Жүнісов.

Дәурен Жүнісов сайлау кезінде бақылаушы болыпты. Ол әрбір келген адамды белгілеп отырған екен. Бірақ, соңында оның есебі сайлау комиссиясының нәтижесімен сай келмей қалған. Оған тіпті аудандық әкімдік тарапынан қысым көрсетілген екен. Оған қарамастан, Дәурен сайлау барысын ұялы телефонына түсіріп алыпты. Видеода дауыс беруші бір тұрғын екі бюллетеньді бірден тастағаны анық көрініп тұр.
Жамбыл аудандық сайлау комиссиясы бұл мәселе жөнінде ешқандай арыз-шағымның түспегенін айтады. Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Бауыржан Көшербаев бұл жағдайды мұқият қарастыратынын айтты.
«Бесағаш ауылындағы сайлау бойынша бізге ешқандай ескертулер түспеді. Сайлау заңды өтті деп санаймыз. Егер де тұрғындар заңбұзушылықтар болғанын дәлелдей алса, біз қарастыруға дайынбыз»,— дейді Бауыржан Көшербаев.
Ақиқатқа жету үшін енді Бесағаштың тұрғындары сотқа жүгінбекші. Олар сайлау қорытындысын заңсыз деп тануға күш салмақшы.
Источник: exk.kz
Ответить
Хотите присоединиться к обсуждению?Не стесняйтесь вносить свой вклад!